Жаңалықтар

Қазақстан мұнай-газ секторына 120 жыл

28 қазан 2019
4110

1899 жылы қарашада Қарашұңғыл шатқалында 40 метр тереңдіктен құбыр арқылы алғаш рет мұнай шықты, Қазақстан мұнайының тарихы осы кезден бастау алады. 1911 жылы сәуірде ашылған Доссор кенішінен шыққан жоғары сапалы мұнай әлемдік деңгейде назарға ілінді. Екі жылдан соң Гурьев облысында Мақат кеніш орны ашылды. 1914 жылы Мақат пен Доссор екеуінен 200 мың тоннада астам мұнай өндіріледі.

                              

Батыс Қазақстан даласындағы мұнай барлау партиясының жүк артқан керуені. 1917 жылы Қазан революциясынан кейін Ресейде өнеркәсіптің барлық саласы мемлекет меншігіне алынды. 1922 жылы "Ембімұнай" тресті ашылып, Орал-Ембі ауданындағы мұнай кәсіп орындарының басқармасы құрылды. 1926 жылдан бастап Ембіде мұнай барлау ісінде айналдыра бұрғылау және геофизика әдістері қолданыла бастады. Гурьев-Доссор темір жолы іске қосылып, онымен Доссор мұнайы тасымалдана бастады.

          

Соғыс жылдары, Майкоп пен Грозный аудандарында мұнай өндірісі уақытша тоқтап қалғандықтан, оның орнын толтыру үшін Қазақстанда мұнай өндіруді еселей ұлғайту міндеті қойылды. Орал-Ембі ауданының мұнайшылары бүкіл соғыс жылдары демалыссыз тәулігіне 12-13 сағаттан жұмыс істеп мыңдаған тонна мұнай өндіріп, Совет армиясын жанармаймен қамтамасыз етті. Фашизмді талқандап жеңіске жетуде Ембі мұнайы өлшеусіз үлес қосты.

Келесі онжылдық Қазақстан мұнайын өндіру тарихындағы жаңа кезең болды. Маңғышлақ түбегінде барлау жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Оның оңтүстік ауданындағы әрбір шақырымды мұқият зерттеп, жоспарлы түрде бұрғылап, жаңа кеніштер іздеп табу жұмыстары атқарылады.

Әлемдік базарға экспортталатын мұнай көлемі қарқынды түрде арта бастады. ССРО өз үлесін ұлғайту үшін бәсекеде жалпы тізімде екінші орынға шықты. Нарықта бағасы қымбат емес совет мұнайының пайда болуы өзге елдердегі көптеген мұнай компанияларын мұнай бағасын арзандатуға мәжбүр етті.

Қарсақ, Прорва, Мартыши, Таңатар, оңтүстік-батыс Қамысты, Кеңқияқ кеніштері ашылып, іске қосылды. Өзен кенішінде терең бұрғылау жұмыстары басталды, ұңғымадан алғаш рет Өзен мұнайы атқылады.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарын мұнайға қатысты үлкен жаңалықтар кезеңі деп батыл түрде айтуға болады. Аз ғана мерзім ішінде Қаражамбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас кеніштері ашылды. 1974 жылға қарай Маңғышлақта жылына 21 миллион тоннаға дейін мұнай өндіріле бастады. Осылайша Қазақстан Совет одағында мұнай өндіруден екінші орынға шықты.

90-шы жылдары тәуелсіз Қазақстан, ССРО құлаған соң, құлдырап кеткен мұнай өндіру саласын шетелдік инвестицияларды тарту арқылы қайта қалпына келтіріп, дамытуға кірісті.

Қазақстан-америкалық "Теңізшевройл" бірлескен кәсіпорнын құру туралы Chevron корпорациясымен келісімге қол қойылды. 1993 жылы Алматыда алғаш рет KIOGE халықаралық мұнай-газ көрмесі өтті, ҚР мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі құрылды, "Мұнай туралы" заң қабылданды, Agip, British Gas, "Газпром" ААҚ, "Қазақгаз" және Қазақстан Республикасы арасында Қарашығанақ кенішіндегі өнімді бөлісудің принциптері туралы келісімге қол қойылды.

Жылына 60 миллион тонна мұнай тасымалдайтын құбыр желісін (КТК) салу туралы Қазақстан, Ресей, Оман және Халықаралық мұнай консорциумы арасында келісім жасалып, қол қойылды. "Қазақойл" ұлттық мұнай компаниясы құрылып, оған ірі мұнай-газ кеніштері жобаларына қатысуда Қазақстанның мүддесін таныту құқықтары берілді, сондай-ақ "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясы құрылды.

2000-шы жылдары "ҚазТрансГаз" АҚ құрылды. Шикізат саласындағы ірі компаниялардан түскен қаражатқа болашақ ұрпақтың қажеті үшін қаржы активтерін жинақтау мақсатында Ұлттық қор құрылды.

Каспий қайраңында соңғы 30 жылда әлем бойынша өте ірі шикізат қоры анықталған Қашаған кеніші ашылды. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы құрылды .

Қазақстан, Ресей және Әзербайжан арасында Каспий түбіндегі үш елге тиесілі жерлердің тоқайласар нүктелерін анықтауға қатысты үшжақты келісім жасалып, қол қойылды.

Бүгінгі күні дәлелденген мұнай қоры бойынша Қазақстан әлемдегі 15 жетекші елдің қатарына кіреді, әрі Қазақстандағы мұнай қоры әлемдегі мұнай қорының 3% құрайды. Мұнай-газды аудандар ел аумағының 62% алып жатыр және 172 мұнай кен орны бар, олардың 80-нен астамы игерілуде. Мұнай қорының 90% -дан астамы 15 ірі кен орындарында – Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кеңқияқ, Қаражанбас, Құмкөл, Солтүстік Бозашы, Әлібекмола, Орталық және Шығыс Прорва, Кенбай, Королевское кен орындарында шоғырланған. Депозиттер Қазақстанның он төрт аймағының алтауында орналасқан. Бұл Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. Сонымен бірге көмірсутегі қорының шамамен 70% -ы Қазақстанның батысында шоғырланған.


Қызылорда облысында мұнай барлау және өндіру секторының дамуы туралы аздап тарих.

Қызылорда облысында мұнай барлау жұмыстары 1970-ші жылдары басталып, біраз үзілістермен жүргізіліп отырды. 80-жылдардың басында мұнай табылғанмен, қорлар мөлшері есептеліне алмады.

1982 жылы «Өңтүстікқазгеология» өндірістік мемлекеттік бірлестігі, «Қазгеофизика» және Қазақ КСР Ғылыми Академиясының Геология және мұнай институты Оңтүстік Торғай ойпатында жүргізілетін кешенді түрдегі геология барлау жұмыстарының бағдарламасын жасап шықты.

1983 жылы Оңтүстік Қазақстан мұнай барлау экспедициясы «Құмкөлде» алғашқы тереңдік ұңғымасын бұрғылады.

1984 жылдың қыс айында Я. Камалутдиновтың бригадасы алғашқы мұнай шапшымасын атқылатты.

1985 жылдың 6 маусымында Құмкөл кен орнын игеруге дайындау және пайдалануға енгізу бойынша жұмыстар туралы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің бұйрығы шықты. Осы бұйрыққа сәйкес «КазНИПИнефть» және «Южгипронефтепровод» институттары «Тәжірибелік-өндірістік игеру барысында «Құмкөл» кен орнын жайластыру» жобасын әзірлеуге кірісті. Осы күн «Құмкөл» мұнай-газ кенішін игерудің бастамасы деп есептеледі.

1986 жылы «Манғышлақмұнайгаз» ӨБ қарасты «Құмкөл» күрделі құрылыс бөлімі құрылды. 1987 жылдың маусымында «Құмкөлде» алғашқы ұңғыманы бұрғылауға мұнай мұнарасы көтерілді. 1987 жылдың маусымында КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің №413 «Қазақ КСР-індегі «Құмкөл» кен орнын игеруді жеделдету туралы» бұйрығы шықты.

1987 жылдың 9 шілдесінде КСРО мұнай өнеркәсібі министрі Василий Динков «Манғышлақмұнай» ӨБ қарауында болатын құрылыс салынып жатқан «Құмкөлмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасын құру туралы бұйрыққа қол койды.

1987 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда қаласында, М. Ғ. Саламатов басшылығымен, «Құмкөлмұнай» (НГДУ) басқармасы құрылды.

1990 жылдың 9 мамырында «Құмкөл-Қарақайың» мұнай құбыры арқылы, Шымкент мұнай өңдеу зауытына, мұнайдың алғашқы тоннасы жөнелтілді.

1991 жылдың 21 наурызында «Манғышлақмұнай» ӨБ-нің қарамағындағы «Құмкөлмұнай» басқармасы өз алдына енші алып, «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігі болып құрылды.

1991 жылдың маусым айында алғашқы миллион тонна мұнай өндірілді. 1996 жылы «Құмкөлдің» игеріле бастағанына 10 жыл болды, және 10 милиион тонна мұнай өндірілді.

          

1996 жылдың 4 желтоқсанында ҚР Министрлер кабинеті «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ-ын «Харрикейн Хайдрокарбонс Лимитед» компаниясына 120 миллион АҚШ долларына сатты.

Алғашқы ізашар ерлердің бағасыз еңбегі мен салмақты үлестерінің арқасында, «Құмкөл» – Сырелінің «қара алтын» қазынасына айналды.


Қызылорда облысының 2017 жылғы мұнай өндірудегі компаниялардың үлесі.

Биыл Қазақстан мұнай-газ саласының 120 жылдығын атап өтті. Осы мерейтойға орай республикалық және облыстық деңгейде түрлі шаралар өтті.

XII Еуразиялық Kazenergy форумы аясында бұл атаулы күн мерейтойға арналған арнайы жиналыспен атап өтілді. Іс-шараның құрметті қонақтары: Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин, ОПЕК-тің Бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Исландияның бұрынғы президенті Оулавур Рагнар Гримссон болды. Қазақстанда мұнай өндіру саласын дамыту туралы тарихи фотосуреттер мен бейнелер көрсетілді, еңбек ардагерлері атап өтілді және болашаққа жоспарлар жарияланды.

                               

Облыстық деңгейде облыс әкімшілігі ұйымдастырған салтанатты жиналыс болып, онда саланың үздік қызметкерлері медальдармен және грамоталармен марапатталды. Қазақстан Республикасы Энергетика Министрлігінің атынан біздің компанияның 8 адамы медальдармен марапатталды:

  1. Қарсыбеков О.К.;

  2. Дәулет Б.С.;

  3. Иманқұлов А.А.;

  4. Кенжебекова Р.Д.;

  5. Қасымов Ә.Ә.;

  6. Бәйкенов А.М.;

  7. Рыбальченко М.Ж.;

  8. Қайыпов Е.Ж.;

Байкенжеев А.И. алғыс хат алды.

«Қазэнерджи» мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдарының Қазақстандық қауымдастығынан Тазабеков Е.К. медаль алды, Қайыпов Е.Ж. және Мырзатаев Т.К. мақтау қағаздарын алды, ал Ибраев А.А. және Кебадзе О.М. алғыс хаттар алды.

                                 

Баршаңызды осы айтулы күнмен – Қазақстанның мұнай-газ саласының 120 жылдығымен құттықтаймыз. Сіздерге барлық істеріңізге сәттілік және өздеріңіз бен отбасыларыңызға амандық тілейміз. Компания, сіздің көмегіңізбен, таңдалған бағытта – Қызылорда облысындағы мұнай-газ саласындағы жетекші компания және төмен шығындар бойынша чемпион болу бағытында сенімді түрде алға басуда.

Мақалада Қазақстан Республикасы мен Ресейдің мемлекеттік мұрағаттарынан, мұнайшылардың жеке мұрағаттарынан және қазіргі қазақстандық фотографтардың жұмыстарынан сирек кездесетін фотосуреттер пайдаланылды.

Пікірлер

Пікір жазыңыз

* - міндетті өрістер
артқа қарай